Главная

Жаһандық жарыстағы жарқын жетістік

Аватар пользователя Esimkhanovv
Журналист
Адилхан Есимханов
2005 жылы Мәскеу қаласында өткен командалық Әлем кубогінде ел құрамасы жартылай финалда Кубаның азулы боксшыларына қарсы тұрып, 5:6 есебімен есе жіберген еді. Сол кезде соққы жұмсаудың сан қилы әдісін көрсеткен қазақ бокс мектебі талайды таң-тамаша еткен-тұғын. Әрине ол кезде ересектер сапы айтулы аламандарға қатысып, нағыз бабына енген сәйгүліктер іспетті еді. Қуанышқа орай, солардың ізін жалғар жас буын да қалың жанкүйер сенімін ақтап, ешкімге есесін жібермеуге дағдылануда. Соның бір дәлелі – Польшаның Кельце қаласында өткен жастар арасындағы жаһандық жарыс.

Түркістанда тер төкті

Бапкерлік құрам бұл жақтың географиялық жағдайын ескере келе оқу-жаттығу жиынын Түркістан облысында өткізді. Боксшылардың бабына енуіне негіз болған алғашқы жайттардың бірі осы. Айтпақшы, кіл мықтыларды іріктеп, әр елдің «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай іріктелген таңдаулыларына қарсы тұрар құрама жасақтау жастар арасындағы еліміздің аға жаттықтырушысы аягөздік Қайрат Сатжановқа жүктелді. Әлбетте, өзінен бөлек, өзге де бапкерлер тер төгіп, тактикалық тұрғыда олқылыққа бой алдырмаудың қамымен жүргенін жасырмаймыз.

Алғашқы оқу-жаттығу жиыны Түркістан облысындағы «Алма-Тау» базасында өтті. Ол жерді алу себебіміз – Кельценің географиялық орналасуы – теңіз деңгейінен 600-700 метр биікте, яғни таулы аймақта орналасса, Түркістандағы спорт базасы да соған ұқсас. Әлем чемпионаты алдында Шымкентте ел біріншілігін өткізген соң әзірлігімізді «Алма-Тауда» жалғастырдық, – деген Қайрат Тұрсынханұлы біртіндеп әлем біріншілігі жайлы ойын ортаға салды.

Жақпековке жүлде бұйырмады

Шыны керек, барлық боксшының бабы келісіп-ақ тұрды, тек кейбірінің жекпе-жегіне қатысты төрешілердің бұра тартуы қойылған жоспарға біршама өзгеріс енгізді. Соның бірі 81 келіге дейінгі салмақтағы семейлік Ерасыл Жақпеков пен атыраулық Аманат Сабырғалиға (91 келіден жоғары) жасалған бармақ басты, көз қыстылық бапкерлер тұрмақ, көрермендер көзіне де оттай басылды. Екеуі де осыған дейін Азия чемпионатының алтынын иеленген өрендер. Алайда төрешілер тарапы әділдікті белден басып, құрама үздіктерінің кей соққысын есепке алмай, сәтті түссе сүріндіруге тырысқандары жекпе-жек қорытындысынан-ақ байқалды. Ерасыл салған жерден Кубаның қара торысы Брайан Леон Сальгадомен қолғап түйістірді. Алғашқы раундта ресейлік төрешіден басқасы Сальгадоның мықтылығын мойындады. Мейлі, алда әлі екінші-үшінші раундтар бар. Аягөздік бапкер осы раундтар Жақпековтың басымдығымен өткендігіне шек келтірмеді. Жерлесіміз сериялық соққыларды жиі жұмсаса, Брайан Леон ара-тұра ауыр соққысын бағыттаумен шектелді. Дегенмен екінші раунд қорытындысына қарап жеңіс үшін тек нокаут қажет екенін байқадық. Себебі үш төреші Сальгадоның аяқ алысына оң бағасын берді. Соңғы раундта кубалық спортшы әбден шаршап, қашқалақтаумен жүргенде Жақпеков айқын басымдыққа ие болды. Алайда төрешілер шешімімен жеңіс қарсылас қоржынына кетті.

Бапкерлер болжамы

Мейлі, 81 келі (52 келіде Кенже Мұратұлы да сүрінді) мен ауыр салмақта жүлде бұйырмады, қазақ бокс мектебінің тәлім-тәрбиесін көрген жеті спортшы жаһанның таңдаулыларына қарсы тұруға асығып, тыпыршып тұрған-тын. Сөйткенде алғаш болып 49 келіге дейінгі салмақтағы Санжар Ташкенбайдың ұмтылысы көрер көзді сүйсінтті. Раунд сайын қарқынын үдеткен боксшы алғашқы болып жартылай финалға өтті. Оның ізін ала Ерболат Сабыр, Елнұр Сүйінбай және Сабыржан Аққалықовтар да ұпайдан шашау шығармай, шын мықтылықтарын байқатты. Ерболат та, Сабыржан да ширек финалда кубалықтардың осал тұсын таба білді.

Жоспарға сәйкес сегіз спортшы жартылай финалға шыға ма деп ойладық, одан бөлек, сапалы оқу-жаттығу жиындарын бағамдап үш алтын медаль иеленеміз деген сенім болды. Мұның артында командалық есепте топ жару мақсаты тұрды. Алайда жартылай финалға бес спортшымыз жолдама алды, – деді Қайрат Тұрсынханұлы.

Санжар мен Сабыржанның сәтті жекпе-жегі

Финалға жолдама берер текетіресте 75 келіге дейінгі салмақта Диас Молжігітов төрешілер шешімімен ресейлік Михаил Усовқа жол берді. Қоржынға қола жүлде түсті. Жарыс жолында төрт боксшымыз қалды. Шешуші сында Санжар Ташкенбай мен ресейлік Роберт Бадалян жолықты. Алғашқы раундтардан-ақ анық байқалды, Қайрат Сатжанов шәкірті Робертке қарағанда әлдеқайда алымды, әр соққысы діттеген жерінен табылып жатты. Кездесу соңында Еуропа чемпионына еш мүмкіндік қалдырмай, алғашқы алтынға ие болды! Ерболат Сабыр Үндістанның үміті Сачинмен қолғап түйістірсе, 60 келідегі Елнұр Сүйінбай жүлдеден үмітті жапон Рейко Цуцумидің әуселесін байқады. Амал нешік, қос салмақта да қазақстандықтардың емес, қарсылас қолы көтерілді. Әзірге ел қоржынында бір алтын, екі күміс медаль. Енді 64 келіге дейін дәрежедегі Сабыржан Аққалықовтың жолымен қарадық. Украинадан келген Бозорбой Матякубовпен өткен шешуші сын толыққанды біздің боксшының басымдығымен өрбіді! Алма-кезек жұмсаған соққысы төрешілер жадында анық сақталып, жеңіс бірауыздан Сабыржанның пайдасына шешілді. Мінеки, ел құрамасы екінші алтын медаліне қол жеткізді!

Осы нәтижеден соң жастарымыз алға тек ресейліктерді ғана жіберіп, жалпыкомандалық есепте екінші орыннан (екі алтын, екі күміс және бір қола) көрінді. Өзбекстаннан келген боксшылар екі алтын, екі қоламен жүлдегерлер үштігін түйіндеді.

***

Ресми деректердің өздері жастар сапы көрсеткен ең үздік нәтиже деп екі алтын және екі күміс медаль иеленген сәтті растайды. Бұл жолы сол нәтиже бір қоламен қайта жаңарды. Қазақ бокс тарихында әзірге Кельцедегі бәсеке ең жемісті (жастар арасында) болып тұр. Нәтиженің жаңаратындығына еш күмән жоқ. Бастысы, спортшылар мен жерлесіміз Қайрат Сатжанов бастаған жаттықтырушылар құрамының амандығы!

 

 

Дата и время публикации: 
30.04.21
Новости
Впервые со времён Пекина-2008 ВКО будет представлена в гребле на байдарках и каноэ по гладкой воде.
05.05.2021
Пляжные фото от самой титулованной могулистки в истории Казахстана.
05.05.2021
В Алматы состоялся лично-командный Чемпионат Казахстана по батутной гимнастике. Спортсмены ВКО завоевали в общей сложности семь наград различного достоинства.
05.05.2021
Мастера гребного слалома Усть-Каменогорска завоевали ещё две лицензии на Олимпийские Игры «Токио-2020».
04.05.2021
Наталья Шаршакова устала бороться с многочисленными травмами.
04.05.2021
Новый клуб воспитанника усть-каменогорского хоккея пока неизвестен.
03.05.2021